Thursday 6 May 2021
Home      All news      Contact us      RSS      казахский
azattyq - 26 days ago

Қандас тағдырынан жоғары тұрған экономикалық мүдде және Шыңжаңдағы нағыз геноцид

Әлем елдері Шыңжаң мұсылмандарына жасалған қысым туралы Қазақстан арқылы білді. Бірақ мемлекет экономикалық мүддені қандастарын қорғау ісінен жоғары қойды, сөйтіп Қазақстан Қытайдан келетін қазақтар үшін жаушыл елге айналды. Батыс баспасөзі Шыңжаңдағы жағдай төңірегінде осындай тұжырым жасады. ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАСЫН ЕМЕС, ИНВЕСТИЦИЯНЫ ТАҢДАДЫ Америкалық Lawfare блогында Қазақстан Шыңжаңдағы қазақтардың үмітін ақтады ма? атты мақала жарияланды. Онда Нұр-Сұлтанның Пекинге экономикалық тәуелділігі мемлекеттің Қытайға қарсы тұру қабілетін әлсіреткені жазылған. Бұл, тіпті, коммунистік режімнің репрессияшыл саясатының құрбандарын қорғау мәселесінде де байқалған. Қытайдың солтүстік-батысында өмір сүретін 1,5 миллионнан астам қазақтың біразы репрессияға ұшырады. Шыңжаңдағы байырғы халықтарға қарсы репрессияны Америка Құрама Штаттары геноцид деп атаған. Қуғын-сүргін басталған алғашқы жылдары әлем Қытайдағы жағдайды Шыңжаңмен шекаралас жатқан Қазақстан арқылы білген. Себебі саяси қайта тәрбиелеу лагерьлері туралы ашық айтып жүргендердің көбі Қазақстанға қашқан қазақтар болды. Бұл авторитар лидерлер басқаратын Қазақстан үкіметін Си Цзиньпин үкіметінің алдында қиын жағдайда қалдырды. Билік Қытайдың Қазақстанға салып жатқан ауқымды экономикалық инвестициясына қауіп төндірместен, қандастарының пікіріне құлақ асып, Қытайдағы қазақ және басқа да түркітілдес халықтарды қолдаудың арасында тепе-теңдік таба алмай қалды деп жазады Lawfare. 2017-2018 жылдары Қазақстан қандастарын қолдап, Қытай саясатына қарсы тұруға дайын секілді көрінді. Дегенмен, кейінгі екі жылда бұл тенденция мүлдем өзгерді және Орталық Азиядағы ел Шыңжаң құрбандарының дұшпанына айналды. Мақалада Шыңжаңдағы лагерьлер туралы ашық айтқан Сайрагүл Сауытбай мен Атажұрт үкіметтік емес ұйымының арқасында Қазақстанда Қытайда адам құқықтарының бұзылғанына қатысты көп дәлел жиналғаны жазылған. Автордың жазуынша, Сауытбай Қазақстан сотында Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерьлері туралы айтқанда, Пекин мұндай мекемелердің бар екенін жария түрде жоққа шығарған. Кейіннен олар дерадикализация бағдарламасы аясында ашылған кәсіби дайындық орталықтары деп аталатын жабық мекемелердің барын мойындады. Шекарадан заңсыз өткені үшін Сайрагүл Сауытбай бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, бірақ Қытайға депортацияланған жоқ. Қазақстандағы Шыңжаң жақтастарының қуанышы ұзаққа созылмады деп жазады басылым. Осыдан кейін белсенділер қысымға ұшырап, Сауытбай Швецияға көшті. Ал Атажұрт жетекшісі Серікжан Біләш Қазақстанда қылмыстық қудалауға ұшыраған соң, алдымен Түркияға, кейін АҚШ-қа кетуге мәжбүр болды. Қазақстанның Пекинге қатысты ресми ұстанымы 2019 жылдан бастап достық сипатқа көшті деп жазылған мақалада. Қытайдан инвестиция алып отырған және Бір белдеу — бір жол бастамасының негізгі бөлігін қамтитын Қазақстан ақыр соңында экономикалық мүддені артық көрген. Бұл жағдай Қытаймен бетпе-бет келген мемлекеттердің қаншалық үлкен қиындықтарға тап болатынын көрсетеді. Жағдай қатты шиеленісіп, жазықсық қамау, мәдениетті жою және қандастарының өлімі туралы әңгіме қозғалып жатқанда да, Қазақстан Қытайда адам құқықтарының бұзылуына қарсы тұра алмады немесе қарсы тұрғысы келмеді деп жазады Lawfare. БІР ҚАЗАҚ ТАРТҚАН АЗАП Америкалық New Yorker журналында Шыңжаң репрессиясынан тірі қалған деген мақала жарияланды. Онда Шыңжаңдағы Куйтун қаласында тұрған қазақ Анар Сәбит туралы айтылады. Ол 2014 жылы Канадаға көшіп, қытай үкіметі бір сәтте жоқ қылған карьерасын қайта қолға алған. Мақалада оның Шыңжаңда көргендері мен өңірдегі саяси бағыттың өзгеруі туралы айтқаны баяндалады. Анар Сәбит Қытайда ұлтына байланысты дискриминация бар екенін, қытай тілін жетік білетініне және біліміне қарамастан, Шыңжаңда жұмыс пен жаңа орта табу қиын болғанын айтады. Ол Шанхайда тұрғанда ата-анасы Қазақстанға көшкен. Өзі Канадаға кетіп, 2017 жылы көктемде әкесінің қазасына байланысты Қазақстанға барған. Одан кейін анасымен Куйтундағы ата-бабаларының басына барып, Алматыға қайтпақ болған. Бірақ Үрімжі әуежайында шекарашылар Анардың паспортын алып қойып, анасы Қазақстанға жалғыз кеткен. Анардан жауап алып, оны бірнеше күн тар камерада ұстаған. Оның елден шығуына бірнеше ай тыйым салынған. Тыйым уақыты біткенде Қазақстанға кетуге тырысқан Анар қайта тәрбиелеу лагеріне жіберіледі. Анар оның тұтқындарды Қытай компартиясын мақтауға мәжбүрлеп, идеологиялық тәрбие жүргізетін түрмеге көбірек ұқсағанын айтады. Оның айтуынша, лагерьге әкелінетін адам саны күннен күнге атып отырған және оларға беймәлім инъекция салынған. Санитария жағдайы жоқ, дұрыс тамақ берілмейтін жерде көпшілігі ауруға шалдыққан. Бұл лагерьде бір жылдай болған Анар Сәбит кейін бірнеше ай үйқамақта отырған. Паспортты қайтару үшін оған қайта тәрбиелеудің сәтті жүзеге асқанын көрсетуге тура келген. Осылайша паспортына әзер қолы жеткен ол Қазақстанға кеткен. 2019 жылғы қазанда бостандыққа шыққанына жарты жыл толған Анар естеліктерін жаза бастапты. Жан жарасын емдеуге тырысқанымен, ол бұрынғыдай өзіне сенімді, мақсатшыл әйелге айнала алмаған. Үнемі лагерьде жүрген сияқты күйде боламын. Көз жасым көл болып, ұйықымнан шошым ояна беремін. Бұл – нағыз азап, себебі қауіпсіз жерде болсаң да, сол оқиғаны бастан кешіре бересің дейді Анар Сәбит. Психотерапевтке барғаннан кейін оның мазасыздығы біраз басылыпты. Бірақ жақында басқа формада қайта басталған. Анар енді түсінде Шыңжаңда жүрген сәтін жиі көретін болды. Кетуге тырысып жатамын, полиция кете алмайсың дейді. Шекарада, әуежайда жүремін. Олар мені тоқтатып, неге келгенімді, Қытайға қалай тап болғанымды сұрап жатады дейді ол. НАҒЫЗ ГЕНОЦИД Axios атты америкалық жаңалықтар сайты адам құқықтарының бұзылуы, геноцид және сексуалдық зорлық тақырыптарына маманданған халықаралық құқық сарапшысы Джауида Сиачидің Қытайдағы жағдайды нағыз геноцид деп айтаған пікірі жарияланды. Сарапшы адам құқықтарының бұзылуы, геноцид және сексуалды зорлық тақырыптарына маманданған. Сиачидің айтуынша, Қытай билігі белгілі бір топтарды асықпай құртуға тырысып жатыр. Бұл там-тұмдап тарап жатқан үкімет құжаттары мен мәлімдемелерден айқындала түскен. Сарапшы Шыңжаңдағы мұсылман әйелдерге көрсетілетін сексуалдық зорлықты ерекше сұмдық жағдай деп бағалайды. Мьянмадағы рохинджа әйелдерінің жаппай зорлануы ісімен айналысқан ол жүйелі сексуалдық зорлық – әйелдің физикалық және әлеуметтік тұрғыдағы репродуктивтік қабілетін жою науқанының бір белгісі деп санайды. Шыңжаңда жаппай зорлау жоқ сияқты. Бірақ Сиачидің айтуынша, лагерьдегі зорлау оқиғалары, ұйғыр әйелдерінің қытайларға күштеп тұрмысқа берілуі, тұқымсыздандыру, ұйғырлардың балаларын тартып алу да түптеп келгенде физикалық адам өлтіру кезіндегідей нәтиже береді. Сарапшы Қытайға қысым көрсетіп, 2022 жылы Пекинде өтетін қысқы олимпиадаға бойкот жариялауға шақырады.  


Latest News
Hashtags:   

Қандас

 | 

тағдырынан

 | 

жоғары

 | 

тұрған

 | 

экономикалық

 | 

мүдде

 | 

Шыңжаңдағы

 | 

нағыз

 | 

геноцид

 | 

Sources