Monday 13 October 2025
Home      All news      Contact us      RSS      казахский
azattyq - 1 days ago

Ортақ түркі әліпбиі: мәдени бірлік пе, әлде геосаяси қадам ба?

Ортақ түркі әліпбиін құру бастамасы тіл, мәдениет және геосаясат тоғысында тұр. Егер ол жүзеге асатын болса, оны кейбір елдер Кремльдің ықпалынан шығудың символдық қадамы ретінде қарастыруы мүмкін. 34 әріптен тұратын латын әліпбиіне негізделген әліпби тұжырымдамасы осыдан бір жыл бұрын қабылданған. Бірақ оны түркітілдес мемлекеттер ұйымына мүше мемлекеттер әлі ресми түрде бекіткен жоқ. Қазіргі уақытта Анкарада жаңа әліпбимен кітаптар басылып жатыр. Бірыңғай әліпби идеясы қаншалықты маңызды және ол қандай кедергілерге тап болуы мүмкін? «БҰЛ АЛҒАШҚЫ ТАЛПЫНЫС ЕМЕС» Түркия президенті Режеп Ердоған Әзербайжанда өткен саммитте ортақ түркі жазу мәселесін тағы да күн тәртібіне қойды. 7 қазанда Габала қаласында өткен кездесуде ол Анкараның бұл бастамада көшбасшы екенін атап өтті. Түркия басылымдары Ердоған саммитке қатысқан өзге елдердің басшыларына қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың ортақ түркі әліпбиімен басылған кітабын сыйға тартқанын хабарлады. «Жасанды интеллект саласындағы жаһандық жетістіктерден қалып қоймау және мәдени мұрамызды сақтау үшін түркі тілдерінің кең ауқымды тілдік үлгісін әзірлеу жұмысын жеделдету қажет», - деді ол. Қыркүйек айының соңында Анкарада Айтматовтың «Жәмила» повесі ортақ түркі әліпбиінде басылып шықты. Ал жақында Түркі академиясы Абайдың қара сөздері ортақ түркі әліпбиінде алғаш рет басылып шыққанын хабарлады. Ердоған 2024 жылы Бішкекте өткен саммитте де осы мәселеге назар аударып, процесті тездетуге шақырған. Ташкенттік сарапшы, білім саласы бойынша маман Камил Жалилов бұл жерде саяси мүдделердің маңызды рөл атқаратынын айтады. Бұл талпыныс Түркияның басшылығымен жүзеге асып жатқаны анық. Түркия басқа түркі халықтарын өз маңайына топтастырып, ықпал етуді көздеп отырған сияқты. Мен бұл жерде тек ғылыми мақсат емес, саяси мүддені де көремін деді ол. Ал Бішкек тарихшысы Шоробек Саданбек бұл идеяны жүзеге асыру керек деп есептейді. «Бұл алғашқы талпыныс емес. Түркияда 100 жыл бұрын басталған латын әліпбиіне көшу кезінде Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан сияқты түркі халықтары да латынға көшті, кейін КСРО кезінде әліпби кириллицаға ауыстырылды. Жақын тілдер болғандықтан, бір әліпбиге көшу орынды. Экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін түркітілдес халықтар ортақ әліпбиге көшу керек» деді ол. ӘЛІПБИДЕГІ САЯСАТ. ӨЗБЕКСТАННЫҢ ҚАТЕЛІГІ Түркі тілдес елдер тарихта әртүрлі жазуларды қолданған: араб, кириллица, латын. Түркия 1928 жылы латынға көшті, бұл ұлттық модернизацияның символы болды. КСРО-дан бөлініп, тәуелсіздік алған Әзербайжан мен Түркіменстан да 1990 жылдардың басында осы жолды таңдады. Өзбекстанда латынға көшу туралы шешім 1993 жылы қабылданған, бірақ ол әлі күнге дейін кириллицамен қатар қолданылады. Сарапшы Жалилов бұл жағдай білім беру және БАҚ салаларында қиындықтар туғызатынын айтады. «Соңғы жылдары қазіргі латын әліпбиін өзгерту және реформалау жөнінде түрлі пікір айтылып жүр. Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті жанынан құрылған арнайы комиссия жұмыс істеп, ұсыныстар берді. Бірақ бұл бастамалар сөз жүзінде қалды. Ортақ түркі әліпбиі қабылданса, Өзбекстанда үш түрлі әліпби – кириллица, қазіргі латын әліпбиі және түркі әліпбиі қолданылуы мүмкін. Мұндай жағдайда халық шатысуы мүмкін» деді Жалилов. Қазақстанда 2017 жылы латынға көшу туралы шешім қабылданғанымен, іс жүзінде ел кириллицадан бас тарта алмады. Бақылаушылар Астанада саяси ерік барын, бірақ жұртшылық бұған толық дайын емес екенін айтады. Былтыр ортақ түркі әліпбиі бекітілген кезде Қазақстандағы ғалымдардың кейбірі мұны үмітпен, кейбірі скептицизммен қабылдаған. Қырғызстан түркітілдес мемлекеттер ұйымына мүше республикалардың ішінде тек кириллица әліпбиін қолданатын жалғыз мемлекет. 2023 жылдың көктемінде сол кездегі мемлекеттік тіл комиссиясының төрағасы Қаныбек Осмоналиев Жогорку кеңеште депутаттардың сауалдарына жауап беріп жатып, латын әліпбиіне көшуге дайындық жүріп жатқанын айтқан. Бұдан кейін президент Садыр Жапаров мемлекеттік қызметкерлерді тіл саясаты туралы, дәлірек айтсақ, қырғыз тілін латын графикасына көшіру туралы ұшқыр мәлімдемелерден аулақ болуға шақырды. Сол жылы Қырғызстан мемлекеттік тіл туралы заң қабылдап, қырғыз тілінің мәртебесі мен маңызын арнайы бекітті. Бірақ бұл заңды Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров сынап, «Бішкекте орыс тіліне қысым жасалып жатыр» деп мәлімдеген. Екінші жағынан, Ресейдің құрамына кіретін республикаларда тұратын түркі тілдес халықтар – татарлар, башқұрттар, қарашайлар, хакастар және тағы басқа халықтар мемлекеттік саясаттың әсерінен кириллицадан бас тарта алмай отыр. Мәселені перспективалық тұрғыдан қарастыратын болсақ, жалпы түркі әліпбиіне көшу дұрыс бағыт болар еді. Жастар кириллица әліпбиін үйренбей өседі. Латын әліпбиін қолданатын елдер көп, дүниежүзіндегі терминдердің барлығы дерлік осы жазумен жазылған. Бұл тұрғыда Ресейдің алаңдауы орынды. Дегенмен Ресей билігі қазір Украинадағы соғыс салдарынан оңай шешілмейтін күрделі мәселенің алдында тұрғаны анық. Енді жағдай бұрынғыдай болмайды. Түркі тілдес елдер арасында Түркияның ықпалы артып жатыр, Әзербайжанның Кавказдағы ықпалы да артып келеді. Сондықтан, менің ойымша, Ресейдің ықпалы азайып, кириллицаны қолданатындар саны азаяды», - дейді Шоробек Саданбек. Өз кезегінде Камил Жалилов әліпбиді саяси мәселеге айналдырмауға шақырып, Өзбекстанның бір кездері қателескенін атап өтті. Әліпбиді өзгерту мәселесін саяси емес, ғылыми негізде шешу керек. Өзбекстанда біз 1991-1992 жылдары үлкен қателік жасап, оны саяси мәселеге айналдырдық, оны осы уақытқа дейін толықтай өзгерте алмадық. Өзбекстан алғаш қабылдаған латын әліпбиі қазіргі кезде ұсынылып отырған ортақ түркі әліпбиіне ұқсас болды, бірақ Каримов тұсында Түркиямен қарым-қатынасымыз нашарлады, сол себепті ұстанымымызды өзгертіп, оны қазіргідей күйінде қабылдадық. «Бұл алфавитпен компьютерде жұмыс істеу мүмкін емес» деп ақталдық» дейді ол. 2024 жылдың 9-11 қыркүйегінде Әзербайжан астанасы Баку қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы жанынан құрылған комиссияның 3-ші отырысы өтіп, ғалымдар 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиінің жобасын қабылдады. Ғалымдар бұл әліпбилер түркі тілдес халықтардың тілдік ерекшеліктерін көрсетеді десе де, кейбір мамандар фонетикалық мәселелер туындауы мүмкін дейді. Сондықтан ортақ әліпби толық біртұтас емес, конвергентті стандарт болуы мүмкін деген пікірлер бар. «Бұл мәселенің бірнеше күрделі тұстары бар. Ең бастысы – тілдің табиғатына байланысты. Түркі тілдерінің түбірі ортақ болғанымен, олар бір-бірінен ерекшеленетін дербес тілдер. Мысалы, өзбек тілі даму барысында әдеби нормаларда сингармонизмнен айырылса, кейбір диалектілер оны сақтаған. Демек, әр түркі тілінің өзіндік дыбыстық ерекшелігі мен жасалуында біртұтас ерекшелігі бар. Барлық түркі тілдерін қамтитын алфавитты жасау қиын, әр тілде сол тілге ғана тән дыбыстар болады, егер сіз оларды толық көрсетуге тырыссаңыз, әліпби өте күрделі болуы мүмкін», - дейді өзбек сарапшысы Камил Жалилов. Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы. Түпнұсқасы мында


Latest News
Hashtags:   

Ортақ

 | 

түркі

 | 

әліпбиі

 | 

мәдени

 | 

бірлік

 | 

геосаяси

 | 

қадам

 | 

Sources