Қазақстан парламенті мәжілісінің жұмыс тобы  ЛГБТ пропагандасына  тыйым салатын нормаларды қолдады. Заңға айналса, ЛГБТ-ны насихаттады деп танылғандарға 20 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке қамау жазасы тағайындалмақ. Депутаттар бұл бастама ЛГБТ өкілдеріне емес, оның насихатына қарсылық екенін айтады. Ал құқық қорғаушылар мен белсенділер адамды қандай да бір насихатпен гомосексуал етіп жіберуге болатыны ғылыми түрде дәлелденбегенін, бұл заңның түпкі мақсаты цензура екенін мәлімдеп отыр.
29 қазан күні Қазақстанда парламент мәжілісінің жұмыс тобы  ЛГБТ пропагандасына тыйым салатын  нормаларды талқылады. Талқыға депутаттардан бөлек үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ЛГБТ белсенділері және құқық қорғаушылар қатысты.
Жиында алдымен  ЛГБТ пропагандасының зияны жайлы  зерттеу жүргізген қор өкілі сөз алып, әлеуметтік желі жасөспірімдердің көзқарасын, оның ішінде сексуалдық бағдарын қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.
– Балаларға арналған мультфильмдер мен контент арқылы дәстүрлі емес қатынастарды көрсету олардың тұрақтылық сезімін бұзуы мүмкін. Зерттеу мәліметінше, қазақстандық әлеуметтік желілерде ЛГБТ тақырыбындағы 1559 материал жарияланған. Желіде әсіресе, ЛГБТ құндылықтарын насихаттайтын блогерлер мен қолданушылар белсенді, – деді  Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қоры  ұйымының жетекшісі Үсен Сүлеймен.
Бұдан соң Республикалық психикалық денсаулық орталығының өкілі Нәби Есімов сөйлеп, ЛГБТ өкілдері кім, қандай түрлері барын түсіндірді де пропаганданы шектеу керек деген пікірді жақтап шықты.
– Ашық немесе жасырын болсын, кез келген насихат – баланың дамып келе жатқан психикасына тікелей әсер етеді, себебі бұл жаста оның сыни ойлауы әлі толық қалыптаспаған. Баланың миы белсенді әрі жаңа нәрсені қабылдауға бейім. Мысалы, көрнекі-бейнелі ойлау шамамен 6–7 жаста ғана қалыптасады: бала нақты заттармен әрекет жасаудан олардың бейнелерімен ойша әрекет етуге көшеді. Егер дәл осы кезеңде балаға дәстүрден тыс құндылықтар көрсетілсе, олар оның өмірлік ұстанымына сіңіп кетуі мүмкін, – деді ол.
Жиынға қатысқан құқық қорғаушылардың бірі Арсен Әубәкіров бұл түзетулер балаларды қорғамайды, керісінше, зорлық-зомбылықты, өзін-өзі цензуралауды күшейтеді деді. Қабылданған жағдайда мұғалімдер, журналистер, блогерлер, психологтар, ғалымдар және тіпті өз балаларына құрмет пен адамдық қадір-қасиет туралы айтатын ата-аналар да қудалануы мүмкін дейді. Өйткені ЛГБТ тақырыбындағы кез келген ақпарат  насихат  деп бағаланып, әркімнің өзінше түсінуіне жол ашады. Буллингке, депрессияға немесе оқшаулануға тап болған жастар ақпарат пен қолдаудан айырылады.
– Яғни біз оларды қорғамаймыз, қайта көлеңкеге итереміз, – дейді құқық қорғаушы. –Мұндай заңдар басқа елдерде, мысалы, Ресейде қабылданған. Нәтижесінде – зорлық-зомбылық күшейіп, жасөспірімдер арасындағы суицид өсті, талантты азаматтар шетелге кетуге мәжбүр болды. Тіпті осындай бастама көтергендер санкция мен шектеулерге тап болды. Қазақстан бұл жолды қайталамауға тиіс. ЛГБТ-ны қауіп ретінде көрсету – дәстүрді қорғау емес, қорқынышты манипуляцияға айналдыру. Адамды кемсіту мен қоғамнан шеттетуді ешқандай дәстүр ақтай алмайды.
 Феминита  ұйымының жетекшісі Жанар Секербаева Конституция бәріне бірдей құқық берген, сондықтан жыныстық ерекшелігі үшін оның ашық ақпарат таратуына, ақпарат алуына тыйым салу заңсыз деді. Оның сөзінше, мәжіліс отырысындағы спикерлердің зерттеулері ЛГБТ өкілдерінің қауіпті екеніне дәлел бола алмайды.
– Кез келген заңнамалық бастама эмоцияға емес, дәлелдерге сүйенуге тиіс. Бүгінгі таңда ЛГБТ қоғамда зорлық-зомбылықтың немесе әлеуметтік қауіптердің өсуіне әкеледі деген деректер жоқ. Керісінше, бұл мәселені елемеу және жабық қалдыру жастар арасында стигматизация мен психологиялық жарақаттарға себеп болады, – деді Секербаева.
Мұндай талқы алдыңғы күні де өткен. Депутаттар онда ЛГБТ насихаты Қазақстан тәуелсіздігіне қауіп, егемендікке қатер төндіреді деп, оны тоқтату үшін фильмдер мен жарнамаларды да цензуралап отырған дұрыс деген. Депутаттар кешегі отырыста да эмоцияға бой алдыра сөйледі.
– Сіздерге ешкім тыйым салып жатқан жоқ қой бұл мемлекетте, өмір сүрулеріңе, сіздердің сол ориентацияларыңызды ұстауларыңызға. Ал бірақ сіздер, бүкіл ақпараттық құралдарды пайдаланып, насихаттау мәселесіне біз тыйым саламыз. Үйлеріңде не істесеңдер оны істеңдер оны істеңдер, бірақ қоғамға шығып, біз осындаймыз, біз мұндаймыз деп, ондай әңгімені қою керек, – деді мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Депутат Анас Баққожаев ЛГБТ насихатына тыйым салуды тіпті Конституцияға да енгізу керек деп мәлімдеді.
– Конституциямызда дұрыс жазылған. Тіпті жаңа Конституцияға Қазақстан ЛГБТ-ны мойындамайды деп жазып қоюды ұсынамын. Еркек бар, әйел бар, болды, – деді ол.
Талқы бір сағатқа жалғасып, ақырында депуттар нормаларды мақұлдаған. Оған сәйкес, ЛГБТ-ны насихаттады деп танылғандарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке қамау жазасы қарастырылып отыр. Пропагандаға жол бермеу мақсатында денсаулық сақтау, білім беру заңдарына, әкімшілік кодекс сияқты тоғыз құжатқа өзгеріс енгізіп, ЛГБТ пропагандасы ұғымын заңмен шектеу көзделген. Бірақ бұл – әзірге жұмыс тобының шешімі. Енді құжат мәжілісте, кейін сенатта қаралуы керек.
 ЛГБТ пропагандасы  деген не?Халықаралық құқық пен ғылымда мұндай ұғым жоқ. Human Rights Watch ұйымы мақаласында  ЛГБТ пропагандасы  туралы  саяси мақсатта, адам құқықтарын шектеу үшін пайда болған тіркес  деген анықтама берген.
Ал Amnesty International ұйымы ЛГБТ сөзіне  пропаганда  дегенді қосу  сөз бостандығын шектеуге бағытталған әрекет  деп біледі.
Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдардың бәрі  ЛГБТ пропагандасы  туралы жазғанда  адамды кемсіту ,  қоғамнан шеттету, ығыстыру ,  жеккөрушілікті заңдастыру  деген тіркестермен байланыстырады.
Сонда  ЛГБТ пропагандасы  деген қайдан шықты?
Совет заманында гомосексуал қатынас, яғни ердің ермен, әйелдің әйелмен көңіл жарастыруы қылмыс болды.
1934 жылы Совет одағы Жоғарғы кеңесі қылмыстық кодекске  Ерлер арасындағы қатынас  туралы 121-бапты енгізді. Мұнымен ұсталғандарға 5 жылға дейін түрме жазасын берді. Бұл бап 60 жыл күшінде болды. Мыңдаған ер адам ГУЛАГ-қа жаппай қамалды. Совет одағы бұл қылмысты  қоғамға қауіпті мінез-құлық ,  буржуазиялық бұзақылық  деп сипаттады. Құқық қорғау ұйымдары бұл саясатты  репрессияға  теңеді.
Бұл бап Өзбекстанда және Түркіменстанда әлі бар. Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 120-бабы бойынша  ер адамдар арасындағы ерікті жыныстық қатынас   қылмыс  саналады. Ол үшін 3 жылға дейін түрме жазасы беріледі. Өзбекстан билігі мен мемлекеттік медиа ЛГБТ-ны  қоғамдық моральға қайшы ,  дәстүрге қауіп  деп сипаттайды. ЛГБТ туралы кез келген ақпарат цензураға ұшырайды.
Ал Ресейдегі жағдай сәл басқаша. Мәскеу Совет одағынан қалған бұл норманы 1993 жылы жойды. Алайда Мәскеудің Батыс елдеріне қарсы идеологиясы күшейген тұста ЛГБТ-ға тыйымдар пайда бола бастады. 2013 жылы алғаш рет  Дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым  туралы заң енгізілді. Қазір Ресейде ЛГБТ ұйымдары  шетел агенті  деп танылған. Елде ЛГБТ өкілі болу қылмыс емес. Бірақ ол туралы айтуға болмайды. Ресей ЛГБТ-ны  экстремистік қозғалыс  деп санайды.
 ЛГБТ пропагандасына  қарсы риториканы постсоветтік елдердің билігі Ресейден кейін жиі қозғай бастады. Дәл сондай норма Беларусьте бар. Қырғызстанда да осындай жоба ұсынылған. Грузияда ультраконсерватив топтар, Сербия мен Болгарияда радикал қозғалыстар Ресей нарративін қайталаған. Венгрияда  Балаларды қорғау туралы  заң бойынша, балаларға арналған кез келген контентте жыныстық гендер туралы насихат жасауға, ЛГБТ жайлы айтуға тыйым салынған. –
Қазір әлемнің 60-тан аса елінде  гомосексуал қатынас   қылмыс  саналады. 11 елде бұл үшін өлім жазасын береді. Ол елдердің көбі Таяу шығыста – Иран, Сауд Арабиясы, Йемен, БАӘ, Катар. Африкадағы Нигерияның кей аймақтары, Уганда, Мавританияда өлім жазасы бар.
 ЛГБТ пропагандасына  тыйым қалай іске асады?Азаттық мәжіліс жұмыс тобының отырысы алдында депутаттардан ықтимал цензура мен Ресей ықпалы жайлы сұрады. Төменгі палата мүшелері Қазақстан  ЛГБТ пропагандасы  мәселесінде Ресейге еліктеп отыр деген уәжбен келіспейтінін, бұл мәселе қазақтардың дәстүрлі құндылықтары тұрғысынан қаралуы керектігін айтады.
Депутат Ерлан Стамбеков адамдарда ориентация мәселесінде таңдау құқығы болуы керек, бірақ оны өзгелерге телуге болмайды, жария айтпаған жөн дейді. Депутат заң қалай іске асатынын әзірге айта алмайтынын мәлімдеді.
Мәжілістің тағы бір депутаты Ерболат Саурықов  ЛГБТ пропагандасына  тыйым қолданыстағы масс-медиа туралы, онлайн жарнама туралы заң аясында реттеледі дейді. Ешқандай әлеуметтік желі бұғатталмайды деген депутат заңға қайшы деп танылған насихат тыйым салынуы керек деп санайды.
– Қазақ мемлекетінің көнеден келе жатқан салт-дәстүрі бар, әдет-ғұрпы бар. Біз соны ұстануымыз керек. Біздің тарихымызда мұндай мәселе болмаған, – дейді ол.
Ал осы заң жобасына бастамашыл болғандардың бірі Еділ Жаңбыршин әлеуметтік желідегі аккаунты арқылы ЛГБТ-ны насихаттаған адам, мұндай насихатты өз платформасында жариялаған БАҚ жауапқы тартылады дейді.
– Насихатты кім қай жерде шығарды, соған шара қолданады. Сөз еркіндігі деп порнографияны көрсетпейміз ғой. Бұл да сол сияқты зат қой. Қылмыстық іске апаратын зорлық-зомбылықты насихаттауға тыйым салынған ғой, міне сол баптың ішіне кіргізіп отырмыз. Егер сен [ЛГБТ] өкілі болсаң, үйіңде не істесең, оны істе. Бірақ қоғамға шығып, ол мәселені насихаттауға тыйым. Әкімшілік жаза, ары қарай қоймайтын болса, қылмыстық жаза қаралуы керек деп есептеймін, – дейді депутат.
 ЛГБТ туралы заңның мақсаты – цензураны енгізу Азаттық осы тақырыпты журналист әрі азаматтық белсенді Әсем Жәпішевамен талқылап көрді. Ол бұл заңның артында биліктің цензураны күшейту ниеті тұр деп санайды.
– Қазақстан расымен бұл заңды қабылдау жолында келе жатыр ма?
– Бұл заңның талқыланып жүргеніне бірнеше жыл болды. Осы жолы ЛГТБ-ның қасына педофилияны қыстырып жіберіпті. Педофилияны ешкім жақтамайды. Сондықтан ЛГБТ мен педофилия десе, халықтың арасында қолдау көбірек бола ма деп қыстырып жіберген болар. [2013 жылы] Ресейде  дәстүрлі құндылықтар  туралы заң қабылданған. Сол кезде Қазақстан мұндай заң қабылдамайды-ау деп ойлағанбыз, Ресейдің жасағанын көшірмейтін болар дедік. Бірақ артынша мұндай заң бізде де қабылданды. Қазір біздің заңда да ұлттық, дәстүрлі құндылықтар деген норма бар. [ЛГБТ пропагандасы] – табиғатта жоқ нәрсе. Оны Кремльдің идеологтары ойлап тапқан.
Сондықтан Қазақстанда  ЛГБТ  пропагандасы туралы заң қабылдануы әбден мүмкін деп ойлаймын. Енді әрине мәжіліске жаңа ғана кірді, одан бөлек сенат бар, президент бар, өзгеруі мүмкін. Десе де заңға айналып кетуі әбден мүмкін. Былтыр сұрасаңыз,  жоқ  дер едім, бірақ осы жылы ықтималдық жоғары.
– Депутат Ирина Смирнова бұл заң қабылданса, әр адам өз ориентациясымен өмір сүреді, бірақ оны насихаттай алмайды, заң адамдардың өміріне әсер етпейді деді. Сіз мұның қисынын қалай түсінесіз?
– Адамдарға әсер етпейді дегені қызық екен, ол адамдарға әсер етпегенде кімге әсер етеді?! Заңдардың барлығы адамдарға әсер етеді. 1990 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы гомосексуализмді [психикалық] аурулар тізімінен алып тастады. Біреудің гей екенін көру өзге адамды гейге айналдырмайды. Мұны медицина ғылымында талай дәлелдеген.
Ендеше бұл заңды не үшін қабылдап жатыр? Заңды қабылдаудағы мақсат – цензураны енгізу. Депутаттар, үкімет балаларды, қоғамды қорғаймыз деп кино, мәдениет, театр, жарнама, музыка сияқты салаларға цензураны ресми түрде енгізгісі келеді.
– Осы ұсынысты таныстырған тағы бір депутат Наталья Дементьева фильмдер, жарнамалар цензурадан өтуі мүмкін деді. Бұл заңның қандай салдары болуы мүмкін?
– Бұл заңның қабылдануының ең басты себебі осы – цензураны енгізу. Қазір алданып қалмауымыз керек. Біз қазір ЛГБТ-ның этикалық сұрақтарын талқылап кетсек, онда бұл заңды не үшін енгізгісі келіп отырғанын елемей қалуымыз мүмкін. Себебі бұл заңның басты мақсаты ЛГБТ-мен күрес емес, сол Наталья Дементьева айтқан цензураны енгізу. Мұндай заңдар тек авторитарлы елдерде бар. Дамыған елдердің ешқайсысында мұндай заң жоқ.
				Friday 31 October 2025			
						
		azattyq - 1 days ago 
Қорғау ма, қорқыту ма? Қазақстан депутаттары ЛГБТ пропагандасын тыятын норманы тағы ұсынды
 Latest News
 Latest News 
 Интерпол Клооптың негізін қалаушылардың бірін тұтқындау туралы Бішкектің өтінішін қабылдамады
- azattyq 
 Как фанатка я была обязана : студентка из Китая приехала учиться в Астану из-за Димаша Кудайбергена
- nur.kz 
 The Atlantic: Высокопоставленные чиновники США после убийства Чарли Кирка переехали жить на военные базы
- ca-news
Каждый казахстанец сможет получать пожизненную пенсию: ЕНПФ раскрывает новую идею модели «4+1»
- lada
В Казахстане с 1 ноября вступает в силу новая методика расчета воды: кто и за что будет платить
- lada
Люди вынуждены ждать свою очередь неделями и месяцами : депутат предложил пересмотреть правила ОСМС
- nur.kz 
 Орал тұрғыны Украинадағы соғыста қаза болды деген қазақстандықтардың тізімінен күйеуінің аты-жөнін көрген
- azattyq 
 Король Великобритании лишил своего брата Эндрю титула принца. Его обвиняли в связях с Эпштейном и сексуализированном насилии
- ca-news 
 Залал - 3,7 млрд теңге: Азаматтарға арналған үкіметтің экс-қызметкері экстрадицияланды
- sputniknews 
 «Если не будет мешать бывшая жена». В Казахстане выбрали победителя трилогии Бивол — Бетербиев
- sports 
 Жанибек Алимханулы официально узнал следующего соперника после боя за три чемпионских титула
- sports 
 Если есть свободный миллион: как казахстанцы распорядились бы деньгами, рассказали аналитики
- nur.kz Sources
 Sources